Ақтөбе қала мешіттерінің жамағаты арасында садақ атудан жарыс өтті
ҚМДБ бекіткен биылғы «Ислам және Дәстүр құндылығы» жылы аясында Ақтөбе қалалық орталық мешітінің ұйымдастыруымен қала мешіттерінің жамағаттары арасында садақ атудан жарыс өтті. Біздің “Adyrna” садақ ату клубы осы жарысқа құрал-жабдық беріп, ат салысты.
Жарыстың негізгі мақсаты- ұлттық құндылықтарымызды қоғамда барынша дәріптеп әрі оның маңызын көпшілікке ұғындыру. Сондай-ақ, жамағаттың ауызбіршілігін арттырып, ынтымағын нығайту.
Сайыс алдында Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы Нұрлыбек Шакизадаұлы : «Садақ ату-ұлтымызда аса дәріптелген әрі ерекше мән берген спорт түрі. Ол адамды мергендікке үйретумен қатар, лезде дұрыс,нақты шешім қабылдауға, ой мен істің бір жерде тоғысуына тәрбиелейді. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) да өз хадис-шәрифтерінің бірінде :«Балаларыңа атқа мінуді, жүзуді және садақ атуды үйретіңдер,»-деп , садақтың маңыздылығын ұқтырған,»-деп атап өтті.
Аталмыш жарысқа Ақтөбе қаласындағы 10 мешіттен 3-4 адамнан қатысып, бақ сынады. Сондай-ақ, Жаңаөзен дәстүрлі садақ ату федерациясының @Sadaq_zhanaozen жетекшісі Асланбек Ұлықпанов @aslanbek.ulykpanov қатысушыларға садақ атудың қыр-сырлары мен тәртібі және ережесін үйретіп, көрсетті.
Сонымен қатар Ақтөбелік мерген Ерболат бауырымыз @erbolat798 өз профессионал садағымен мергендігін көрсетті. (Ол финалға шығып, соңгы нысананы әдейі нашар атып, жарыс жолынан шығып қалды. Жүлделі орындарын жарысқа алғашқы рет қатысып жатқан мешіт жамағаты алсын дегені болар.)
Тартысты сайыс нәтижесінде Әс-Сәләм мешітінің жамағаты Жомарт Бақбергенов жүлделі І орынға ие болса, ІІ орын Хазіреті Біләл мешітінің бас имамы Нұрлыбек Такеевке, ал ІІІ орын Әл-Ләтиф мешітінің атынан шыққан Жаулыбай Ешниязовқа бұйырды.
Ақтөбе қалалық орталық мешіті ұлттық дүниелерді насихаттауға игі бастамаға қолдау білдіріп, көмек көрсеткен “Адырна” садақ ату клубына және Ұлттық спорт түрлерінен ОМБЖСМ директор орынбасары Ерлан Рыскелдіұлына ерекше алғыс білдірді! Алла тағала ел игілігі үшін жасап жатқан істерімізге береке берсін деп бата берді.