
Ақтөбе газетімен сұхбатынан (2-бөлім)
- Садақ атудағы сақтық шараларын айта өтсеңіз.
Садақпен садақшының өзіне қатты зақым келтіру – 10000-нан бір оқиға шығар. Садақ ату спорты ең зақымы аз спорт. Сондықтан зейнеткерлікте де жарыстарға қатысуға болады. (Бір шетелдік Олимпиада чемпионы 20 жылдан кейін спортқа қайта қайтып келіп Олимпияданы қайтадан жеңген).
Өзіне зақым келтірмесе де біреуге зақым келтіруге болады. Сондықтан біз алдын ала Қауіпсіздік Ережелерін міндетті түрде оқытып түсіндіреміз. Қауіпсіздік Ережелерімен танысқандығы туралы қолын қойдыртып аламыз. Садақ ату бойы міндетті түрде ережелерді қақсап қайталап тұрамыз.
Ол мынандай Ережелер: Оқ жаудырған жаққа атып жатқанда шығуға болмайды. Оқ суыруға, жинауға бару үшін арнайы Инструктордың (немесе Аға садақшының) рұқсатын күту керек. Оқты жайға оқтағанда еденге, не алдыға қаратамыз. Тірі жанға: адам мен жануарға қаратуға болмайды. Төбе мен жар жаққа атуға болмайды. Оқты тек жебесіне(темір ұшына) дейін тарту керек. Атып тұрған адамға атпайтын адам 1-1,5м жақындамаған жөн. Жайды тартып көздеп тұрғанда атын атап шақырмаған жөн. Ақауы бар жай мен оқпен атпау керек. Оқты суыруға барғанда, оқты нысанадан тартқанда оқты артқа қарап қойып, абайлап тарту керек, әйтпесе оқтың табанымен артта тұрған садақшыға тиіп кету мүмкін. Сондықтан оқты тартып тұрған адамның артынан тұрмау керек.
- Садақ атуда ең басты ережелер қандай? Қандай техникалық қателіктерден аулақ болу керек?
Садақ атуда өмір бойы атпаған мерген адам болмаса, біріншіден дұрыс тұрысына назар аудару керек. Тұрыс(поза) 70-80% дұрыс садақ атуға әсер етеді. Тұрысыңыз қисық болса, ату техникаңызға әсер етіп, оқтарыңыз дәлдеген мақсатына дұрыс жетпейді.
Әр садақтың түріне және оқты салу жағына байланысты өз кіріс тарту әдістері болады. Негізгі техникалық қателіктер: ату тұрысында нық және техникалық жағынан әдемі тұрмау, оқты дұрыс оқтамау, кірісті аз тарту, дұрыс көздемеу, демді атып жатқанда ұстап қалмау, жайды қатты ұстамай, оқ шықпастан ерте шайқап жіберу және т.б. Оның бәрін садақ ату дәрісінде үйретеміз.
- Садақ атуға арналған арнайы жаттығулар мен әдістерді айтып бере аласыз ба?
Садақ атуға арналған арнайы жаттығулар бар әрине, бірақ, бұл газет форматында көрсету қиындау шығар. Олар гантель мен фитнес резеңкелермен қолдардың куштерін шынықтырып, күшейту. Планка мен турникті пайдалану. Тіпті жарды қолмен сүйеніп тұрып, итеру жаттығулары бар. Біз осыны ересектер мен балалар үйірмесінде үйретеміз. Оның бәрін үй жағдайында да істеуге болады. Негізі жайды солақайша, оңқайша тарту өзі бір жаттығу. Сондықтан қосымша жаттығуларын үйлерінен істесе де болады, садақ атудағы алтын уақытты резеңке тартумен кетірмей.
- Қазіргі заманғы садақтар мен дәстүрлі садақтардың айырмашылығы неде?
Бірінші шамалы садақтың шығу тарихын айтып кеткен жөн деп ойлаймын. Дәстүрлі садақтар адамзат пайда болғаннан бері келе жатқан жайлар. Аңызға сенсек, бірінші садақшы атамыз Адам Ата болған. Оның егінін қарғалар жеп қоя бергесін, Адам Атамыз Құдайға жалбарынып қарғадан құтылудың жолын сұраған. Құдай оған Жәбірейіл періштемен садақ берген деген-мыс.
Бірақ дәстурлі садақ пайда болған кезі, әсіресе әскери мақсатта пайдалана бастаған кезі – ол өркени дамудың алыптай қадамы болды! Баяғы замандағы бірінші рет атты қолға үйрету сияқты, алдындағы ғасырлардағы зеңбіректер мен танктер сияқты немесе қазіргі замандағы дрондар соғысы сияқты. Немесе осы күнгі компьютер мен Интернетті ойлап тапқанмен салыстыруға болады. Оған дейін адамдар қорек табуға және қорғану үшін таяқ пен тас пайдаланған.
Алдымен шамалы иілгіш таяққа жіп байланып, жай ғана садақ шыққан. Әлі кунге дейін кейбір арта қалып қойған Африка мен Амазония тайпалары пайдаланатын садақтары тәріздес. Сосын ол садақтар бейімделіп, қаттылығы мен иілгіш қасиеттерін күшейтіп жасап Ағылшын тәріздес сияқты ұзын жаяу жүргіншілердің садағы болған. Сосын атты үйретіп, көшпенділер соғыс тактикаларын дамытқасын қысқа аттың үстінен атуға келетін иілгіш қасиеті мен оқты қатты итеру қасиеті бар рекурсивті садақтарды ойлап тапты. Сол жайлардың адырнасына ату күшін көбейту үшін бір жағынан суйек пластиналарын, қарама қарсы жағынан малдың сіңірлерін желімдеген.
Енді қазіргі дәстүрлі садақ спорты мен өнерінде осы кәдімгі әрбір халықтың садақтарын пайдаланады. Мысалға дәстүрлі садақ жарысына Ағылшындар өзінің ұзын дәстүрлі садағымен немесе Жапондықтар өздерінің дәстүрлі Юми садағымен келіп атса, оны Қазақстанның жарысынан қумайтын шығар бәлкім, деп ойлаймын. Бірақ олардың ату менталитеті бізге келіңкіремейді. Өйткені олардың садақ ату дәстүрі басқаша. Жапондықтардың ату кезіндегі асықпай ататын көп дәстүрлі ереже салттары бар. Сондықтан олар біздің көшпенділер рекурсивті моңғол-туркі дәстүрлі садағымыздың жарысына жараспайтын сияқты. Ағылшындар өз Еуропа мен Ұлыбританияда жарыстарын жасайды. Олардың біздің жаққа келгенін көрмеппіз. Халха моңғолдар тартуы қатты 50 фунттан жоғары садақтармен атады өздерінің Моңғолиядағы жарыстарында.
Енді біз дәстүрлі садақ атуда түрік-моңғол, қырым-татар, ассирия стильдегі жақтарды пайдаланамыз. Ол садақтар Түркияда, Мажарстанда, Украинада, Индонезияда, Малайзияда, Қытайда және тағы басқа елдерде аз көлемде жасалынады. Осы жылы Қазақстанда бірнеше шеберлер жасай бастаған.
Классикалық (шетелде оны көбінесе Рекурсивті садақ дейді) садақты бізде спорттық, Олимпиадалық, рекурсивті садақ деп атайды. Классикалық садақ қазіргі заманда Кәсіби спорт пен Олимпиада дамып жатқанда Ағылшын мен көшпенділердің рекурсивті садақтарының қасиеттерінің қосындысын ала отырып, компонентті құрамалы садақ ретінде жасалына басталды.
Садаққа қатысы жоқ адамдар Классикалық садақты Профессионалды садақ деп шатастырып айтады. Негізі Классикалық садақ та, Дәстүрлі садақ та профессионалды садақтар. Тек екі түрлі бағытта дамып кеткен садақтар. Олардың ату сипаттары мен әдістері ерекшеленеді. Және жарыстары бөлек, регламенттері мен федерациялары бөлек. Сонымен қатар Классикалық садақтың туыстары – Аңшылық садақ пен Ойын-сауық, ермек садақтары бар.
Тағы бөлек бағыты бар Блок (Компаунд)садағы бар. Классикалық садақшылар Блок садағынан ата алады да, соңғы Олимпиадаға дейін Блок садақ жарысына қатысқан. Бірақ Блок садағын кейіннен Олимпиада бағдарламасынан алып тастаған болатын.
Сонымен садақта мынандай бағыттар бар:
- Дәстүрлі садақ (түрік-моңғол атты садақ),
- Юми Жапон садағы,
- Ағылшын садағы,
- Классикалық садақ(Олимпиадалық),
- Блок садағы(Компаунд),
- Аңшылық садақ(Классикалық садақтың жақын туысы, дәстүрлі садақтың жиені)
- Ойын-сауық садағы(Классикалық пен аңшылық садақтың жақын туысы)
- Сосын садақтың алыс емес туыстарын айта кетейік: Арбалет пен Зақпы(рогатка).
Енді Классикалық пен Дәстүрлі садақтардың негізгі айырмашылықтары:
- Классикалық садақта оқ қоятын сөресі(полкасы) болады, дәстүрлі садақта саусаққа, не қолға қойылады,
- Классикалық садақта арнайы көздеуіші(прицел), қарауылы(мушка) болады, дәстүрлі садақта шамамен көздеп, сезімталдықпен атады,
- Классикалық садақта алюминий немесе карбон оқпен атады, дәстүрлі садақта жарыстарда тек ағаш оқпен аттырады.
- Сіз қазақтың садақ ату дәстүрін қалай сақтауға тырысасыз? Бұл салт-дәстүрді жастар арасында қалай насихаттауға болады?
Біздің клубта көбінесе дәстүрлі садақпен атуды үйретеміз. Шамамен 2000-ға жуық адамға садақ атуды үйреттік бір жылдың ішінде. Сол үшін үйірмелер жүргіземіз. Сабақтарда қазақша рұхтандыратын ән қосып қоямыз. Садақ жөнінде қазақша ақпарат береміз. Наурыз кезінде мекемелерде Наурыз мейрамын орай тимбилдингтерде садақ аттырамыз. Жазғы балалар лагерлерін шақырып, садақ атуды үйретеміз. Келген қонақтарға клубтағы теледидармен дәстүрлі садақ ату туралы видеобейнелер көрсетеміз. Сонымен қатар жастарға әлеуметтік желілерде аккаунтарымыздан садақ жөнінде ақпарат пен хабар береміз. Біздің таргетімізді көрмеген Ақтөбеде жан жоқ шығар?
Былтыр жазда Ақтөбе облысының дәстүрлі садақшыларымен “Ақтөбе облысының “Жаужүрек” дәстүрлі садақ ату Федерациясын” ашып, құрылтайшы қатарына кірдік. Федерация арқасында Облспортпен қарым қатынастамыз. Жазда Ақтөбе облысында мүлде болмаған алғашқы ересектер арасында дәстүрлі садақ атудан кәсіби жарыс өткіздік. Сол жарысты Қазақстан телеарнасынан да көрсетті.
Сосын клубтардың арасындағы бірнеше жарысты өткізуге ат салыстық. Оралдан келген балалар да болды бір жарыстарамызда.
Біздің “Адырна” садақ ату клубы да, Федерациямыз да Дәстүрлі садақты дамытуға және насихаттауға ерен еңбек етуге дайын. Бірақ Үкімет тарапынан, не жеке кәсіпкерлерден қаржылық демеушілік көмек ретінде болса игі еді. Біздің клуб пен Федерацияның жоспарларында көптеген шаралар мен жарыстар бар.
- Садақ ату кезінде қандай символдық мәндер мен мағыналар жатыр?
Садақ ату кезінде ең бастысы нысанаға түскен оқтан садақшының жалпы психологиясын және қазіргі көңіл-күйін түсінуге болады. Біздің инструктор Сіздің психологияңыздың негізгі сипаттамасын айта алады қадалған оққа қарап. Осының бәрін үйірме жаттығуларында және бір реттік садақ атуларда айтамыз.
Басы: 1-бөлім
Жалғасы бар: 3-бөлім
Ақтөбе газетіне сұхбатынан, Бекбағанбетов Қалыбек, Наурыз, 2025