
Ақтөбе газетімен сұхбатынан (3-бөлім)
- Бұл спорт түрі бүгінгі таңда қаншалықты танымал?
Классикалық садақ бағыты мен Блок садағы әлемде Олимпиада аркылы танымал. Европада бірінші Олимпиаданың қатарында болып, әлі сол бағдарламалардан түспей жатқан спорт. Бірақ Қазақстанда Классикалық садақ Шымкентте, Алматы, Астанада, Оралда, Таразда, Қарағандыда кәсіби түрде оқытылады. Ақтөбеде Классикалық садақ дамымай қалған. Ақтөбеде бүкіл клубтардан тек бізде Классикалық жаттығу садақтары бар. Тек біз негіздерін үйретеміз.
Классикалық садақтан жарыс Ақтөбеде 1985жылы соңғы рет өткен. Сосын Кеңес Үкіметі құлап жатқанда БЖСМ (ДЮСШ) садақтары қоқысқа лақтырылған. БЖСМ-інде оқыту тоқтатылған. Қалада тек жасы келген үш Спорт шеберлері бар деп естідік, олар басқа салада жұмыс істейді.
Дәстүрлі садақты пост-Кеңестік ауқымында мен Турік тілдес елдерде қазір “Көшпенділер ойындары”, Түркиядағы “Фетих”, Монголиядағы “Наадам” және Мажорстандағы жарыстары арқылы білетін болған.
Қазақстанда дәстүрлі садақ ату 5-9жылдай дами бастады. Соңғы бір-екі жылда қарқынды дамып жатыр. Екі-үш жыл бұрын “Қазақстан”телеарнасында “Мергендер мекені” деген көп сериалы реалити шоу көрсетілген. Соған Қазақстанның көп өңірлерінен дәстүрлі садақшылары қатысты. Солардың қатарында біздің Федерацияның Президенті Сәндігүл Әленова қатысып, 4 орынды иемденіп, 1 000 000тг жүлдені алды. Ақтөбедегі бірінші “Стрела” садақ ату клубы 5 жылдай бұрын ашылды. Қазір қалада төрт клуб бар. Ақтөбе облысының дәстүрлі садақшылары көбісі Шалқар тумасы. Олар 3-4 жыл бұрын жарыстарға қатыса бастаса, Оралдың садақшылары енді бастап жатқан еді. Енді Орал екі садақтан да алға озып кетті. БЖСМ-терінде екі садақ түрінен де үйірмелер бар. Біздің облыс шамалы кенжелеп қалды. Қазір Ақтөбе Облспортымен тығыз жұмыс істеп, БЖСМ-інде Садақ ату секциясын ашамыз деп дәмеленудеміз.
- Садақ ату спортын дамыту үшін қандай шаралар қажет деп ойлайсыз?
Жоғарыда айтып кеткендей БЖСМ-терінде кәсіби секция ашу керек. Сосын бүкіл қазақ орта мектептерінде Садақ ату сыныбын(20м залдарын) ашу керек және солардың мұғалімдерін біздің клуб пен Федерация оқыта алады. Мысалы 10 Олимпиада қатарынан доминантты түрде жеңіп жатқан Кореяда әр мектепте Классикалық садақтан дәріс мектеп бағдарламасында бар деп естігенбіз. Сонымен қатар оларда Классикалық садақты үйрететін үлкен спорт нысаны мен Академия бар.
- Қазіргі заманғы садақ ату жарыстары мен сайыстары туралы пікіріңіз қандай? Олар қазақтың дәстүрлі садақ ату өнерін қаншалықты дәріптейді?
Жоғарғы айтылған себептермен Классикалық садақтан жарыстар Ақтөбе облысында мүлдем жоқ. Классикалық садақ дамыған қалалардағы жарыстар дәстұрлі садаққа тек жанама әсер етеді. Екеуі де садақ ату. Бірақ Классикалық садақ ол заманауи спорт түрі болғасын бағыты басқаша, тіпті киімі заманауи.
Ал дәстүрлі садақ ату жарыстары қазақтың садақ ату өнерін тікелей дәріптейді де насихаттайды. Себебі жарыстар тек Қазақ тілінде өтеді. Садақшыларды ұлттық киіммен жарыстырады. Нысаналар ұлттық нысаналар болып табылады – Қалқан, Жамбы, Теңге ату.
- Сіз үшін садақ атудан есте қалған қандай сәттер болды? Қандай жетістіктерге жеттіңіз?
Осы бір жыл бойы садақты аз біліп, клуб ашып, жолшыбай білімімізді толықтырып, жарыстарды өткізіп те, қатысып та – осының бәрі бір ғажап және есте қаларлық өмірдің бір кезеңі. Клубты аз ақшамен ашып, бір жыл бойы жүргізіп, дамытып, сол бір жетістік емес пе? Секцияларды ашып, балаларымыз жарыстарда Кубок пен медальдар жеңіп жүрді. Біршама адамның садақ атуға қызығуына себепші болу өзі бір бақыт.
- Садақ ату арқылы қандай да бір мақсаттарға қол жеткіздіңіз бе? Бұл спорт жалпы адамдарды қандай түрде өзгертуге әсер етеді?
Садақ ату арқылы өз-өзімізге сенімділік көбейді, сабырлық пен табандылық артты. Көп адамдармен таныстық, біршама садақшылармен достастық. Ойламаған жерде садақ ұстазы болдық.
Бұл спорт жоғарыда айтып кеткендей адам психологиясының осал жерлерін дұрыстайды. Сабырсыз адамды сабырлы, уайымшыл адамды оптимист, өршіл адамды шынайы, аса ақкөңіл сенгіш адамды ойланатын адам қылып, қалпына келтіреді.
- Садақ атуды үйретудегі ең үлкен қиындық не болды?
Садақ ату сферасында Ақтөбеде біріншілердің қатарында жол салу қиыншылыққа соқты. Ақтөбеде садақ орталықтары мен БЖСМ-тері, оқытатын спорт шеберлер мен ұстаздар, сатылатын құрал-жабдықтар болмағанына қарамастан жұмыс істедік. Істеп жатырмыз да, әлі де қаржылай қиыншылық көріп жатырмыз. Балық жоқ суда шаян да балық демекші…
Ал садақ атуды үйретудің өзіне келгенде, қолымызда дайын методика болмағасын, садақ атуды методикасын әр жерден ізденіп, өзіміз жасадық. Сосын кішкентай балаларды оқыту жеңіл емес екен. Сондықтан садақ атуға 8-9 жастан алған дұрыс.
18. Сіз жаттығуларды қалай жүргізесіз? Садақ ату үшін қандай физикалық және психологиялық дайындық қажет?
Бір реттік атып демалуға келетін адамдарға біз Қауіпсіздік Ережесін таныстырғаннан кейін 5 минуттық инструктаж жүргіземіз. Сосын ату қатарындағы әрбір жаңа садақшыға садақ пен оқ ұстатып, қолдарын келтіріп, әбден бірнеше оғын өздігінен жібергенше үйретіп тұрамыз. Сосын ату барсында қателіктерін көрсетіп, дұрыстап тұрамыз. Сөйтіп бір сағатта неше түрлі нысанаға атуды үйренеді.Келген адамдар өте қызық деп, мәз болып, көңілдері эмоцияға толып, тағы келеміз деп кетеді. Біршама уақыттан кейін тағы келеді. Келесі күні қайтып келген адамдар да болады, атуға тоймайтын, қолдары шаршап тұрса да.
Секцияларда біз басында дене құрыстарын жазып, денені шамалы қыздырып алатын жаттығуларын жасатамыз. Сосын алдында айтып кеткен резеңкемен жаттығулар жасатамыз. Сосын нысанаға аттырамыз. Тиген сандарын міндетті түрде арнайы табельге толтырып тұрады. Айына 12 рет ату дәрістері болады. Тек практика – тек садақ ату. Тренердің жұмысы тек қателерін тауып беріп, түзету. Атудың жаңа қырларын ашып беру.
Негізі спорттық бэкграунды (білімі мен дағдылары) бар бала мен ересектер садақ атуға тез үйренуге бейімдеу. Сол спорттардан жарысқа қатысқан бала мен ересектер психологиялық тұрғыдан жарысқа дайындығы көбірек болады. Өйткені жарыстың алдындағы қорқақтық дірілдеуі аздау болады. Сонымен қатар бұрын отпен ататын қару-жарақпен(мылтық, пистолетпен) атқан адамдар садақта да мергендік көрсетеді. Мысалға аңшылар мен олардың балалары да мергендік танытады.
Садақты үйрену бастауға қатты психологиялық дайындық керек емес те. Кейбіреуі басында 5-10 минуттай қобалжиді. Үйреніп алғаннан кейін ол адамды садақ атудан тек қол мен саусақтың шаршағандығы мен уақыт шектеуі тоқтататын сияқты ғой! Мүмкіншілік берсең кейбір адамдар тоқтамастан үш сағат атуға да дайын. J
19. Садақ атуды үйренудің оңай жолы бар ма? Бұл спортқа жаңадан келгендерге не кеңес берер едіңіз?
Әуесқой садақ атам десеңіз ермек ретінде айына бір рет келіп атып кетсеңіз болады. Садаққа онша мән бермейтін адамға бұл оңай жолы. Кәсіпқой түрде садақпен айналысу ешқашан оңай да, жеңіл де болмайды. Кез келген кәсіби спорт – ол тар жол тайғақ. Ресейде, мысалға, Классикалық(Олимпиадалық) кәсіпқой садақшылар регламенттері бойынша күніне садақтан нысанаға 200 оқ жіберу керек – ол кем дегенде 2 сағат қой! Ол спортшылар аптасына тек бір күн демалу керек. Одан аз атса сезімталдық кетеді деп есептеледі. Классикалық садақ – геометриялық траекториясын көздеу құрылғысымен дәл көздеп, өлшеп ататын садақ ату ғой. Соның өзінде шамалы сезімталдық керек. Ал дәстүрлі садақта сезімталдық түйсікті көбірек пайдалану керек.
Дәстүрлі, классикалық және блоктық садақпен кәсіби айналысам десеңіз беретін кеңесіміз:
- Садақты үйрететін мекемені тауып алу керек. Мысалға, біз классикалық пен дәстүрлі садақтан 5-9метрден атудың негіздерін үйретеміз. (Блок садақтан атуды үйрететін мекеме Ақтөбеде мүлдем жоқ),
- Немесе садақ үйрететін садақшы ұстаз тауып алу керек,
- Сосын міндетті түрде қалтаңызға қарай кәсіби садақ пен оқтар және қосалқы бөлшектермен алу керек,
- Ең бастысы — кез келген спорттағыдай немесе кез келген өнердегідей тайсалмастан күнде немесе күн ара жаттыға беру керек. Басқа жол — жоқ. Бір кітапта айтылған – кез келген бір салада гений болу үшін 10 000 сағаттай жаттығу керек. Сондықтан сүр мерген болып, Олимпиадада, не “Көшпенділер ойындарында” чемпион болу үшін 10 000 сағат садақ атумен өткізу керек шығар. Ол дегеніміз кем дегенде шамамен 2 000 000 оқ атып, 2 000 000 рет оқ суыру. Көз қорқады – қол істейді.
Ақтөбе газетіне сұхбатынан, Бекбағанбетов Қалыбек, Наурыз, 2025