
Ақтөбе газетімен сұхбатынан (1-бөлім)
- Өзіңізді толық таныстырып өтсеңіз.
Менің атым Қалыбек Бекбағанбетов. Ақтөбелікпін. 5 жылдай Санкт-Петербургте дизайнер мамандығында оқыдым. 19 жылдай Алматыда тұрып, 3жыл бұрын Ақтөбеме қайтып келдім. Қазір серіктес екеуміз “Адырна”садақ ату клубын негізін қалап, Администратор-Инструктор ретінде бір жылдай істеп жатырмын.
- Бұл істі қашан қолға алдыңыздар? Жалпы, садақ ату клубы қашан ашылды? Оны ашуға не түрткі болды?
Асқар Мұхамбетов деген сыныптасыммен 20 жылдан кейін кездесіп, қайтадан достасып, бір отырыста, бизнес жасайық деп әрі-бері ойлап, бел будық. Оның алдында сыныптасымды Уанфитке(фитнес стартап) тіркеп, Ақтөбедегі бізден екі ай бұрын ашылған жалғыз садақ ату клубына апарғам. Сөйтіп нендей бизнес жасаймыз деп ойлап жатқанда, садақ ату клубы есімізге келді. Сол кезде мысалы “донерка” ашуға қарағанда, садақ ашу клубын ашу қиын емес болып көрінді.
Сөйтіп 2024 жылы 25қаңтарда “Крыша”-дан тауып алған Алтын Орда районынан помещенияны жалдап алып, ремонтқа кірістік. Әрине алдымен жабдықтарды Қытай мен Ресейден тапсырыс беріп алдық. Ол жабдықтар залды жалға алған бойда келді. Екі аптадай жөндеу-дайындық жұмыстарын жасап, 2024 жылдың 12-ақпанында аштық. Айта кететін жәйт, менің бизнес тәжірибем көп емес еді. Мамандығым Интернет-маркетолог, дизайнер болған. Досым бизнес жасамаған, бірақ бизнес жасаймын деп, жинаған ақшасын кідірместен қүйды.
Сөйтіп ойламаған жерден серіктеспен бірге “Адырна” садақ ату клубымызды аштық. “Адырна” деген көне түрік(қазақ), көп айтыла бермейтін әдемі және қызық сөз болғасын, мағынасы – “садақтың жіппен тартылып тұратын ағаш бөлігі” болғасын (сосын қазақтар тағы Арфа аспабын “Адырна” дейді – ол да жіппен тартылып тұрғасын), клубымызды солай атауды ұйғардық.
Бизнеспен ақша табамыз деп бастаған адамдар 1 жыл бойы садақ ату әлеміне басымен кіріп кетті. Ақша табу, баю жөніне қалды – себебі бұл бизнес маржасы көп бизнес емес екен, осыны бір жылда білдік. Бірақ өте қызық іс! Мүмкін түсетін ақшасы болашақта болатын шығар кім біледі? Бірақ әзірше ынтамен(энтузиазммен) 1 жылдай қиыншылығын төзіп жұмыс істеп келе жатырмыз. Бұл салт-дәстүрімізді жалғастыру, ұлттық садағымызды насихаттау, балалар мен жалпы адамдарды ұлттық спорт түріне үйрету екенін еске алсақ, халқымызға пайдамыз тиіп жатыр деп қуанып қаламыз. Бірақ та “жабыламыз”, не “сатуға қоямыз” деген күмәнды толқындар бізді пайда көрмеген кез-келген кәсіпкер ретінде ұрады да тұрады.
- Садақ атумен қашаннан бері айналысасыздар?
Алматыда алғашқы және жалғыз рет Классикалық(Спорттық) садақпен аттыратын клубқа 12-15 жыл бұрын барғам. Ол клуб Алматыда қазір жоқ шығар. Сосын осы Ақтөбеде бір жыл бұрын алдыңғы айтқан клубка Уанфитпен екі үш рет барғанмын. Сонда Дәстүрлі садақпен ату ұнап қалды. Бірінші рет атсам да, олардың Инструкторы мақтап, “жақсы атып жатсың” деді. Қайдан білейін, мүмкін ата-бабаларымның бірі Жарылғап(Жарылқас) ата қолдаған шығар. Оны Оқшы деп атап кеткен замандастары. Сол кісіден Табын руының бір тармағы – Оқшылар тарады. Негізі сол заманда “Оқшы” деп оқтан басқа Жайларды(Жақтарды) және оған керек жабдықтарды жасаған қолөнершіні айтқан. Біліумше, Түркияда Оkculuk деген мағына бар. Тек қана оқты ғана жасап қоймай , ол садақ пен оқ жасау, садақ ату, садаққа үйрету, садақпен айналысу деген мағынаны білдіретін сияқты. Оларда “OkcuBaba” деген садақ жасайтын бренд, академия бар. Түркиялықтар Кореялықтар да сияқты(“Джумонг” сериалындағы шынымен болған Кореяның негізін қалаушы императорын есіңізге алсаңыз) садақ ату өнерін сақтап қалған. Қазақтар садақ ату өнерін неден жоғалтып алғанын, неге екенін білетін шығарсыз, айтпай-ақ қойяын.
Сондықтан Табынның Оқшы атасы садақпен толықтай айналысқан адам деп болжаймын. Және дағы одан ертерек букіл ауыл адамдары болып жаппай қолөнерші болған деп ойлаймын. Сол ауыл Оқшылықпен айналысқан деп ойлаймын. Өйткені қазақтар байырғы заманнан көшпенді әскері құрылымдық халық ретінде қалыптасқасын, қару-жарақтар массалық түрде жасалу керек еді. Мысалы Шыңғысханның әскері қазақ руларын құрайтын тайпаларынан құралатын білесіз. Ресейде Шыңғысханның әскері өтіп, соғыс болған даласынан онмыңдап-жүзмыңдап оқтың неше түрлі жебелерін орыс археологтары тауып жүр. Мыңдаған жебелерді металлдан соғу, оқтар сабын ағаштан жону, бір ғана колөнершінің қолынан келе бермейтін іс. Оны жүздеген қолөнерші ауылдар жасаған. Сонымен қатар сақ дәуірінен мүмкін одан да бұрын ата-бабаларымыз әр 6-7 жастағы балаға бала садағын жасап беріп, далаға ойнауға жібергенде “бір құс атып кел” деп айтатын еді, “ата алмасаң, бүгін кешке саған тамақ жок”. Сол бала жеуге болатын құсты атып, өзіне арасында тамақ табатын еді. Ол қандай атып тырысуға, мергендікке Мотивация! Кішкентайынан аңшылык пен жауынгерлікке баулыған. Сондықтан түріктер бала кезінен оңқайша, солақайша ер адам, әйел адам деп қарамай мергендікпен атқан.
“Жай” немесе “Жақ” дегеніміз ол қазір “Садақ” деп қате айтамыз. “Садақ” деп ол садақ ату жалпы толықтай ұғымды, садақ ату процессін айтады. Садақ(садақ ату) ұғымына Жай(немесе Жақ), Оқ, Қорамсақ(Қылшан), тіпті садақшының ыңғайлы киімі(етігімен) немесе сауты, бас киімі кірген. Батырлар дастан-жырларында садақты Жай немесе Жақ деп айтылғанын көресіз. Мысалы: «Бұлғары садақ, бұқар жай, Тарта алмасам маған серт!» («Қобыланды батыр»).
Қосымша ақпарат:
- Бұқаржай (Бұқаржақ) – садақтың бір түрі. (Қайыржан К., Сөз — сандық: Қазақтың көне сөздері. — Алматы: «Өнер» баспасы, 2013. — 480 б). Ертедегі Бұхар қаласында жасалған сауыт, бұхаржа (Қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігі. — Алматы: «Сөздік-Словарь». 1997.- 368 б).
- Саржа – сүйекпен әшекейленген әдемі садақ, жақ (Бабалар сөзі: Жүзтомдық. – Астана: Фолиант, т. 62: Тарихи жырлар. – 2010. – 376 бет).
- САДАҚ — Ағаштан доғаша иіп немесе иілген іспетті екі бөлікті жалғастырып, екі ұшын қайыспен керіп, сол кермеге оқ (жебе) салып, тартып ататын өте көне заманнан келе жатқан қару.Садақ кейбір түркі тілінде қарудың өзін емес, оның қабын, сауытын білдіреді немесе жақтың бүкіл жабдығымен қоса аталған жалпы атауын білдіреді.
- Былғары садақ, көн садақ, бұқаржай, көннен жасалған қап. (Р. Сыздық)
- Орталыққа келушілер туралы айтсаңыз? (қай жастағы адамдар келеді, келушілер қатары көп пе?)
Біздің Ақтөбедегі “Адырна” садақ ату орталығымызға 6 жастан бастап 70 жасқа дейінгі адамдар келе береді. Шынымызды айтсақ көбінесе қыз-әйел адамдар қызығып келеді. Неге екенін білмейміз, мүмкін әйел адамы жұмыстағы ашу-ыза мен стресстерін тарқатып, өмірдегі тұрмыстың проблемаларынан шамалы демалып, сергіп алғысы келетін шығар деп ойлаймыз. Ал еркектер, бәлкім, “бала кезімізде садақ жасап аттық қой”, “сондай ғой”, “жеңіл ғой”, “ата алам ғой”, “қатырам ғой”, “садақ ол баланың ойыншығы” деп ерініп келмей қоя ма? Қоңырау шалғанда садаққа 15-30 минут жетеді деп менсінбей тұрады, ақшасын қимай. Бірақ келіп, инструктаж өтіп, үйреніп, бір екі қорамсақ оқты бітіріп, садақ атудың қызығына басымен батып, қалай кіріп кеткенін білмей қалады. 1 сағат та жетпей қалады. Келгендердің ойы өзгереді. “Садақ ату ол бір өнер мен ғылым екен” деп кетеді.
Әлде еркектер қаражаттарын күндегі заттарға жұмсауға отбасына бергесін, өзінің қызықтары мен ойын-сауығына қимағасын келмей қояды ма? Білмейміз. Бірақ бұл өнер алдымен еркектерге керек деп ойлаймыз. Садақ ату ой өрісін, ойды түйсікке жинастыруды, мергендігін, өзіне сенімділігін, сабырлықты дамытуға және да басқа психологиялық, еркектік қасиеттерді дамытуға керекті өнер, спорт. Сонымен қатар, Ислам тұрғысынан айтсақ жузу мен атқа мінумен қатар садақ ату амалы үшін сауап жазылады да, ол сүннет деп саналады. Садақ атқан уақыт зая кетпеген ермек, уақыт деп айтылады көптеген хадистерде.
Бізге басқа қаладан студенттер де келеді. Кейде букіл орындарға тугел отбасымен: немерелері мен ата-әжелері келеді. Мектеп оқушылары түгел сыныбымен келеді. Кейбіреулер туған күндерін қонақтарымен садақ атуда өткізеді. Бізге шетелдік адамдар да келді: пакистандықтар, қытайлар, немістер, американдықтар, африкалықтар – бәріне садақ ату дәстүрімізді үйретіп мәз қылып, көңілдерін көтеріп жібереміз. Бір рет орта жастағы қазақ жұбы келіп Ресейден келген орыс құдалар жұбын әкеліп садақ аттырып кетті.
Келушілер қатары көп деп айта алмаймыз. Бизнес-план жазып жатқанда көп көрдік. Шамалы орталықтың орналасу жерінен ұтылдық деп ойлаймыз. Қаланың ортасындағы помещениялар өте қымбат.
- Садақ атып үйрену үшін қанша уақыт жеткілікті?
Негізі біз бір сағатта Классикалық(Олимпиадалық) немесе Дәстүрлі жақтардан атудың негіздерін үйретеміз: жақты ұстауды, кірісті(жіпті) тарту әдістерін, көздеуді, оқ суыруды үйретеміз. Сосын егер адам жиі-жиі келе берсе, 5-9м-ден атуды жақсы деңгейде үйреніп алады. Бізде ересектерге арналған 1-3 айлық үйірме бар – айына 12 рет қатысады. Бұл арақашықтыққа осы уақыт жеткілікті. Бірақ одан көп келіп мергендігін шыңдай берсе де болады. Әрине, мергендік-дәлдікті тез иемденіп алуды адамның жеке қабілетіне байланысты болады. Басқа түрік емес халықтарға қарағанда тұрік тілдес халықтар, әсіресе біздің қазақтар садақ атуды тез үйреніп алады. Өмір бойы садақ ату түгелі көзбен көрмеген адамдар жынысына қарамай, 5 минуттық инструктаждан кейін және 10-15 минут атып көргеннен кейін әп-әдемі тұрыспен(позамен) тұрып алып, нақышын келтіріп жақсы ата бастайды. Ол қабілет қайдан дейсіз? Ол генетикалық жады – ата балаларымыз сақ дәуірінен аңшылықпен, әскері іспен(жаугершілікпен) айналысқан. Садақ атуды біз әдемі ата алмасақ, кім атады? Татарлар да солай. Башқұрттар да бізден де тез да, әдемі оқ жаудырады(келген клиенттерден көрдік). Енді біздің – бүкіл қазақтың мақсаты – ұмытылып жатқан өнерімізді, дәстүрімізді қайтадан жаңғырту болу керек. Садақ атуға жаңа өріс беру керек. Ойымша, егер әр қазақ жақ алып, садақ ата алса, жиі айналысса бүкіл еліміз өркендей бастайды. Өйткені садақ ату адамның психологиясын, ой өрісін дұрыстайды, ойлау түйсігін жинастыруды үйретеді. Бұрынғы хандар өз қыздарын палуандар, көкпаршылар, арқан тартушылар, бүркітшілер, зергерлер және де басқа шебер, қасиет иелеріне емес “құралай көзіне атқан” мерген жігіттерге бергені бекерден бекер емес! Себебі, сабырлы мерген — түйсігін, ойын жинастырып бағандағы алтын-күміс теңгені не жамбыны атып түсіре алса, оның алатын қамалы, жетпейтін мақсаты болмайды. (Кем дегенде аңшылықтан олжалы қайтады, отбасы аш қалмайды.) Нысанаға дәл тигізетін адам – мақсатқа тез әрі қиындыққа қажымай жететін адам. Бізге келетін клиенттерге біз оқтың психологиясын ашып береміз. Садақ атумен қалай психологияны дұрыстау көрсетеміз. Садақ атып кететін клиент, кәдімгідей бізден психологиялық тесттен өтеді! Өз қасиеттері туралы біліп алады. Сосын үйірмеге біршама уақыт қатысса психологиясын дұрыстаймыз. Үйірмеден өткен адамдар бұрыннан бастай алмай жүрген істерін: бизнестерін, проектерін, армандаған оқуын бастап кетеді. Өз өзіне сенімділігі көбейеді.
Ақтөбе газетіне сұхбатынан, Бекбағанбетов Қалыбек, Наурыз, 2025